2011 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының чемпионы Елена Хрусталева Алматы маңында Көкжайлау шатқалына тау-шаңғы курортын салуға қарсы.
«Көк-Жайлау тау-шаңғы курортын салуға қолайлы жер емес. Бұл шатқалдың ұзындығы да, бедері де кәсіби трасса салуға сай келмейді», – делінген мәлімдемеде. Мәлімдемені сәрсенбі күні «Жасыл-желекті қорғау» экологиялық қоғамы таратты. Е.Хрусталеваның айтуынша, «Көк-Жайлау төменде орналасқан, оның бөктерлері жатықтау. Бұл жерде 2-3 ай ғана қар жатады. Ол тіпті юниорлық деңгейдегі жарыстарға да жарамайды, халықаралық сайыстар туралы тіпті айтпасақ та болады. (…) Көк-Жайлауда 500 шақырымдық трасса салатын орын жоқ. Мен мұны кәсіби спортшы ретінде айтып отырмын. Бұл жоба өзін-өзі ақтамайды деп ойлаймын», – деп атап өтті ол.
Е.Хрусталева курорт салынғаннан кейін шатқалда қарапайым халық демала алмайды деп есептейді. «Қазір қала тұрғындары жыл сайын сонда барып демалады. Менің құрылысқа қарсы болуы себебімнің бірі осында. Бұл көлік жүрмейтін, адамдар жаяу қыдырыстап, таза ауамен тыныстайтын бірден-бір демалыс орны. Қалған жерлердің бәріне жол салынған, әсіресе демалыс күндері ағылған көлік легі ауаны ластап, табиғатты қоқысқа толтырып кетеді», – дейді спортшы. Е.Хрусталева табиғатты тиімді пайдаланатын және баптап-күтетін Еуропа елдерін мысалға келтірді.
«Еуропа тәжірибесі» туралы көп айтылып жүр. Мен қазір Еуропада жүрмін. Мұнда тау-шаңғы курорттары да, жаяу қыдыратын жерлер де, велосипед жолдары да бар. Бізде болса белсенді демалысты тау-шаңғы трассаларында ғана өткізуге болады. Оның үстіне бағасы да тым қымбат, сондықтан оны қалалықтардың бәрінің қалтасы көтере бермейді. Ал, Еуропада баға 30-40% төмен», – деді ол.