2019 жылдың 18 ақпаны
Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа
Қазақстан Республикасы премьер-министрі А.Ұ. Маминге
ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
Д.Н.Назарбаеваға
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
Н.З.Нығматулинге
Алматы қаласының әкімі
Б.Байбекке
БІРЛЕСКЕН ҮНДЕУ
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Міне, 8 жылдан бері Алматыда Көкжайлау шатқалын қорғау бойынша қоғамдық кампания жүріп жатыр.
2019 жылдың 8 сәуірінде Алматыда Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Сол отырыста Алматы қаласының әкімі Б.Байбек «Көкжайлау» курортының құрылысын 3-5 жылға шегеруді ұсынды. (1)
Сол күні, Сіз, Қасым-Жомарт Кемелұлы, бұл шешім сіздің кеңесіңізбен қабылданғанын хабарладыңыз.(2)
10 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болды. Отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасы ету мәселелері қаралды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баяндамашыларды тыңдай келе, өңірлердегі экологиялық ахуалды үнемі бақылауда ұстап, осы саладағы заңбұзушылықтарды түбірімен жою керек екенін атап өтті. (3)
Алматы қаласының әкіміне «Көкжайлау» тау шаңғысы курортының құрылысын кейінге шегеруді кеңес еткеніңіз үшін Сізге алғыс білдіреміз! Алайда, жобаның құрылысын бірнеше жылға шегеру мұндай маңызды мәселені шешпейді, деп есептейміз.
Біздің кез келген күрделі құрылысқа, тіпті ол 2018 жылдың күзінде қоғам назарына таныстырылған тау шаңғысы курорты форматында болса да салынуына қарсы екеніміздің негізгі себебі – Көкжайлау шатқалы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болатын және қазіргі таңда жан-жағынан ұлттық парк аумағының жерімен қоршалған. Көкжайлау шатқалын «Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері санатынан босалқы жерлері санатына негізсіз ауыстыру шатқалдағы және соның айналасындағы қорық жерінің экологиялық ахуалының айтарлықтай нашарлауына әкеп соқты.
Көкжайлау шатқалында жалпы ұзындығы 20 шақырымнан асатын шаңғы жолдары бар курортын, жолаушыларға арналған арқанды-орындықты жол, қонақүйлер, мейрамханадар және басқа да нысандар салу, бұдан бөлек инфрақұрылым нысандарын – автомобиль жолдарын, автотұрақтар, электр, су, газбен жабдықтау желілерін жүргізу жоспарланған. Мұның барлығын мемлекет қаржысына салу көзделген. Өйткені инвесторлар сарапшылардың тарапынан көп сын айтылып және 2018 жылы «ықшамдалып, жетілдірілсе де» қоғамның қарсылығына ұшыраған жобаға қаржы салып, абырой-беделіне нұқсан келтіруге дайын емес. Орман аумағын қысқарту және биологиялық алуандығын азайту да Дүниежүзілік банктің әлеуметтік-экологиялық саясат ұстанымдарына қайшы келеді.
Іле Алатауы табиғи паркі 1996 жылы құрылған. Қорықтың басты мақсаты – Іле Алатауы ландшафтын және бірегей экожүйесін сақтау. Дәл осы қорық Алматының тұрғындарын таза ауа және ауыз сумен қамтамасыз етеді. Аса құнды рекреациялық ресурс саналады. Шаруашылық мақсатындағы әрекеттермен бұзылмаған тұмса табиғат қалпында қала өміріне аса қажет. Кез келген тау шаңғысы курорты экожүйеге: топырақ, өсімдік жабыны, рельеф, су көздері және ауасына айтарлықтай теріс әсер етеді. Кез келген нысан құрылысы құнды ландшафттың бұзылуына және жойылуына әкеп соғады. Жаңа курорт та бұл қатерден шет қалмайды.
Кіші Алматы шатқалының флорасында өсімдіктің 811 түрі өседі. Оның 17 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Тағы 11 түрі эндемикалық түрге жатады. Көкжайлау шатқалы және курортқа апаратын жол түсетін Казашка шатқалында Қазақстанның Қызыл кітабына енген Сиверс алмалары (114 (4) тармақ) өсетін алқап сақталған. Бұл алма ағашының түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне жойылу қаупі бар түр ретінде енген. (5). Қазақстан аумағында Сиверс алмалары өсетін жер қарқынды түрде азайып барады. Сондай-ақ, Қазақстанның Қызыл кітабына (117 тармақ) және Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енген кәдімгі өрік ағаштарын кесу де жоспарланған. (5)
Курорт құрылысы мен оның жұмысы топырақ және өсімдік жабынына залалын тигізеді. Сонымен қатар жүздеген Тянь-Шань шыршаларын кесуге тура келеді.
Іле Алатауы МҰТП аумағында жан-жануардың 1700-ден астам түрі мекендейді. Оның ішіндегі құстардың 13 түрі және сүтқоректілердің 8 түрі Қызыл кітапқа енген. Қазірдің өзінде парк аумағында жан-жануарлар саны азайып барады. Тау шаңғысы курорты жануарлар әлеміне зиян тигізумен қоймай олардың қайта қалпына келуіне кедергі келтіреді.
Бұдан бөлек, Алматы қаласы көптен беру су тапшылығына ұшырағанын ұмытпауымыз қажет. Парктің осы бөлігінде қалаға қажетті көптеген су көзі бар. Курортты сумен қамтамасыз ету үшін жылына мыңдаған текше метр су қажет болады. Дәл қазіргі таңда шатқал аумағында бірнеше бұлақ пен ұсақ өзендер бар. Олар курортты қажет су мөлшерімен қамтамасыз етуге жетпейді. Ол су көздері ұлттық парктің өз экожүйесіне қажет. Тау қырқасындағы жасанды көл салуға арналған алаңқай да жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес, тектоникалық жарықта орналасқан. Жер сілкінісі бола қалса қала халқына аса үлкен қауіп тудырады. Аталған жоба сел жүру, жер сілкіну, су тасқыны сияқты геодинамикалық процестер қаупіне ие.
Ұлттық парк аумағынан шығарылған жерде жаңа курорт салу ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, су, орман және жер ресурстарын қорғау туралы ұлттық заңнамалардан бөлек, халықаралық конвенцияға да қайшы келеді.
Қазақстан Республикасы 1994 жылдан бері Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі Конвенцияға қатысады. 2002 жылы Үкіметіміз Іле Алатауы МҰТП-ын ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне ҚР аумағынан қосылатын нысандардың бастапқы тізіміне енгізді. Көкжайлау шатқалын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері санатынан босалқы жерлері санатына ауыстыру, «Көкжайлау» тау шаңғы курортын салу және оған апаратын жол төсеу, мұның барлығы да ұлттық паркті аталған ЮНЕСКО тізіміне қосу мүмкіндігін төмендетеді.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі Конвенцияны мақұлдап, ондағы міндеттемелерді орындауды қабыл алды. «Көкжайлау» жаңа тау шаңғысы курортының және оған апаратын жол құрылысы Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен солардың өсетін аумағын жаппай жою қаупін тудырды. Демек, курорт құрылысы Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі Конвенцияның негізгі талаптарын бұзады.
Міне, сондықтан да «Көкжайлау» жаңа тау шаңғы курорт мен оған апарар жолдың құрылысы Қазақстан Республикасының заңнамалық және халықаралық конвенциялардың талаптарына қайшы келеді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мақсатына, экотуризмді дамыту ұстанымдарына үйлеспейді. Мейрамханалар, қонақүйлер, автокөліктер, суды курорттың тұрмыстық қажеттіліктеріне және қыраттарды жасанды қар жасауға пайдалану, ағаштардың айтарлықтай бөлігін кесу Алматы экологиясының нашарлауына, салдарынан қала тұрғындарының денсаулығына зиян келуіне әкеп соғады.
Дәл қазіргі таңда шатқалды қорғап қалу жөніндегі Ашық хатқа 50 мыңнан астам адам қол қойғанына Сіздің назарды аударғымыз келеді. (6, 7). Олар – алматылықтар, Қазақстанның басқа елдімекендерінің тұрғындары және елімізді білетін әрі жақсы көретін шетелдік азаматтар. Қоғамның қарсылығын әлемнің ең ірі және беделді табиғат қорғау ұйымдарының бірі – Неміс табиғат қорғау одағы NABU қолдайды.
«Курорт» құрылысының залалынан экологиялық ахуалдың нашарлауы, дүниежүзілік маңызы бар қорғалатын табиғи аумақтың бұзылуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік аренадағы Қазақстан имиджін нығайтуға бағытталған еңбегін жоққа шығарады.
Қоғам және мемлекеттің мүддесін қамтамасыз ету, аймақтың, Алматы облысының қалалары мен ауылдарының тұрақты дамуы, олардың өмір сүру қажеттіліктері – Іле Алатауы табиғи кешенінің жағдайына толықтай тәуелді. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркін жаңа курорттар салмай, қаз-қалпында сақтап қалу әлдеқайда тиімді әрі экономикалық тұрғыдан да орынды!
Біз Тұңғыш Президент айтқан «жасыл» экономиканы дамыту стратегиясын толық қолдаймыз. Іле Алатауының бірегей экожүйесіне залал келтірмейтін экологиялық туризмді дамытуды ұсынамыз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, жоғарыда айтылған жайттарға қатысты Сізден мынадай шараларды қабылдауды сұраймыз:
– «Көкжайлау» тау шаңғы курорты құрылысын салу жөніндегі жоспарлардан толықтай бас тарту;
– Көкжайлау шатқалын Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрамына қайтару және заңға сәйкес қорғалуын қамтамасыз ету:
– Қазақстан Республикасының табиғат қорғау заңнамаларын қатаңдатып, халықаралық конвенциялардың талаптарына сәйкес жетілдіру;
– Жергілікті биліктің ұлттық парк қызметіне араласуын тоқтату;
Сілтемелер:
- https://www.almaty.gov.kz/page.php?page_id=4099&lang=1&news_id=15821
- https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/tokaev-reshenie-otlojit-stroitelstvo-kok-jaylau-prinyato-366726/
- http://adilet.zan.kz/rus/docs/P060001034_
- https://www.iucnredlist.org/species/32363/9693009
- https://www.iucnredlist.org/species/63405/12666025
- http://esgrs.org/?page_id=7239
- http://0s.o53xo.obsxi2lunfxw44zsgq3s4y3pnu.lirnet.ru/savekokzhailau
«Көжайлауды сақтайық!» ынталы тобы: